Өзекті жайға өзімізді міндеттейік

Аудан әкімшілігінің кіші мәжіліс залында жұма күні, яғни наурыз айының 28 жұлдызы күні ауданның мекеме, бөлім басшылары қатысқан жиын өтті. Жиынды аудан әкімі А.Аймұрзаев жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі өзекті мәселелер-ол ауданда  тазалық жұмыстарының жүру жайы, иесіз жүрген ит-мысықтарды жою, қарам қанды қызбасының алдын алу жұмыстары.
Алдымен тазалық жайына келетін болсақ бүгінгі  таңда ауданда әр апта сайын тұрақты сенбіліктер өткізіліп келеді. Соның нәтижесінде ауыл көркі  жаңарып, жасарып атқарылған істердің жемісі көрінуде.
Дегенмен әлі де кейбір мекемелер өздеріне бекітілген тиемелді жерлерді тұрақты бақылауда ұстауда, ағаш, гүл көшеттерін отырғызуда сылбырлық танытып отырғанын айта кетуіміз керек.
Сонымен қатар бүгінгі таңда көшеде, ауыл маңайында бақылаусыз, қараусыз жүрген малдар. Оның ішінде сиырдан бастап төрт түлік малды түгел мысалға алуға болады. Олардың тірі жүргендері көшені ластап, әр жерді тезектеп, егілген көшеттер мен гүлдерді отап, сындырып жатса, өлгендері қараусыз болғандықтан біріншіден иелерін сабылдыртып іздеуге мәжбүр етеді, ашылмаған қылмыстар қатарын көбейтеді, уақтылы табылып өлігі залалсынданбағандықтан түрлі аурулардың тууына себеп болады.
Малдарын тұрғындардың өзі қараусыз қалдырады. Жоғалса дереу ішкі істер бөліміне келеді. Ал енді сол малдарында нөмері көрсетілген сырғалар бар ма? Жоғалған мал, мал иесінің атында, ауылшаруашылығы кітабында тіркелген бе? Кейбір азаматтар малымды ұрлап кетті деп жар салып жүр. Ал малдары қараусыз қалып ит-құсқа жем болып айдалада өліп қалған. Олардың жоғалған малдарының артынан іздеп бармаған фактілері кездесіп отыр. Әрине иесіз малға жау көп.
Көше бойында көрінген талға асылып, егілген көшеттерді қаужаған иесіз малдар ендігі уақытта «Созақ сәулет» мекемесі арқылы қамауға алынуда. Алайда қамаудың алғаш түскен «қонақтарында» атап өтейік. Аудандық «Халық банкінің» күзетшісі Б.Тоқаевтың, Шолаққорған ауылының тұрғыны М. Бегімбетовтің иелігіндегі сиырлар иелері келгенше бір күн арнайы қамақта түнеп шықты. Шынында түрлі целофан, картон қалдықтарын жеп бұралып өлген малдарына иелерінің жаны ашымайтындығы түсініксіз. Кейбір кісілер ауласына кірген бөтен малдардың мүйізін, сирағын сындырып жібергенін талай көрдік. Бір сиырлардың тіпті ит талағандықтан құйрықтары үзіліп қалған. Осындайда бізді иелері неге асыраған малдарына қарамайтындығы қайран қалдырады. Ендігі уақытта үй маңайындағы шығарылмаған қоқыстар үшін үй иелері айыппұл төлейтін болса, қараусыз малдар қамаққа алынатын болады.
-Ең өзекті мәселенің бірі қырым қанды қызбасы. Жыл сайын тұрғындарды әбігерге салатын бұл тажалдың алдын алу үшін тиісті қора-жайларды, мал ауылдар мен үй іргелік жерлерді алдын ала залалсыздандыру жұмысы тиянақты жүргізілу керек,-деді аудан әкімі Аманғали Түктібайұлы.
Бірде бір нысан көзден таса, бақылаудан тыс қалмайтындар дәрежеде жұмыстар жүргізілсін. Ол жұмыстар әрі сапалы болсын. Күнделікті қанша нысан залалсызданғаны жөнінде ақпарат беріп отыруды аудандық ветеринария бөлімінің бастығы Е.Оспановқа тапсырды. Сонымен қатар бекітілген жоспарға сай осы күні үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өткізілді.
Ит ату тапсырмасына байланысты жұма, сенбі күндері аудан орталығында қалай жүріп жатқанын байқау үшін арнайы топқа қосылып екі күн жүрдім. Иттің басым бөлігі ауыл шетінде жүреді екен. Қоқыс төгетін жерлер немесе қыста мал өлігі қалған жыра-жақпылдарда шоғырымен бір топ итке тап болдық. Топтың мергені Қалдыбай шашау шығармай үш итті сұлатты. Тұрғындар қауіпсіздігін ескерген Қалдыбай нысанаға алған ит-мысықтарды адамдар жүрмейтін жаққа қақпайлай жүріп асқан шапшаңдықпен қимылдады. Алғашқы күні 23 ит 9 мысықтың көзі жойылды. Күн кешкірген соң топ жұмысын келесі күнге қалдырдық. Сенбі күні біздің қатарымызға аудан әкімі аппараты ұйымдастыру инспекторлық бөлімінің меңгерушісі Е.Тұңғышбайұлы қосылды. Таңертең ерте базар, автобекет маңайын аралап жүріп екі ит пен 3 мысықтың көзі жойылды. Бір кезде ауыл тұрғыны Ж.Тәжбен хабарласып итін атып беруін сұрап хабарласты. Расында кей азаматтардың иттерінің қартаюына байланысты, айналада жүргендер адамдарды байқаусызда қауып ала ма деп қауіптеніп алдын ала осылай байлам жасайтындары да бар екен. Дереу барып, ауыл тұрғынының өтінішін орындадық. Сенбі күні таңертеңгі сағат алты жарымнан сағат сегізге дейін 14 ит пен 8 мысықтың көзі жойылды. Біз сенбілікке шығуымызға байланысты арнайы ит ататын топтың жұмыстарына сәттілік тілеп қоштастық.
-Ауыл тұрғындары ит ататын уақытты біліп кейбіреулері иттің иесіз еместігін білдіріп, иттерінің мойнына ер адамдардың немесе әйелдердің ескі белдіктерін қысқартып таға салады. Бірақ ол жауапкершіліктен құтқармайды. Алғашқыда иесі бар екен деп тиіспейтін едік. Кейін сол иттердің көшеде үш-төрт мәрте иесіз жүргенін байқадық, тіпті біреуі көшеде кетіп бара жатқан оқушыға тарпа бас салмақ болған. Қайта дер кезінде үстінен түсіп залалсыздандырып үлгердік,-дейді топ мүшесі Ивн Сергеевич.
Біз аудандық аумақтық басқарма жанындағы сайда жүрген тура осындай мойнына белдік тағылған итті көріп, атуға мәжбүр болдық. Расында моонйндағы өте әлсіз белдік. Ол байлауда тұрған иттің босанып кетпеуіне кепіл бола алмайды.
Қазіргі уақыт иттер үшін ұйығатын мезгіл болғандықтан олар топ-тобымен жүр. Тіпті ұйыған уақытта иттердің бойларын ұдайы ашу-ыза кернеп жүретіндіктен, бұл уақыттар адамдарға тобымен шабуыл жасауы да мүмкін. Сондықтан ауыл шетіне шыққанда қолға итті жасқайтын таяқ, сіріңке алып шыққан дұрыс, лажы болса итті залалсыздандыратын арнайы топқа хабарласса тіпті жақсы болар еді.
Аппарат мәжілісінде аталған өзекті үш мәселенің барлығы тұрғындар денсаулығына қатысты болды. Сондықтан әрбір ауыл тұрғындары жоғарыда айтылған мәселелерге өздері тарапынан да әрекет етіп, қоғамдық ортада белсенділік танытуы парыз. Әрине қаржыға апарып тірелетін мәселеден бөлек, әр адамның азаматтық міндеттерді орындай білгенінің өзі ауыл тұрғындарының денсаулығына әжептеуір септігі тиетіндігі сөзсіз.
Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Оңтүстік Қазақстан» газеті арқылы облыс тұрғындарына арнаған Үндеуіне үн қоса отырып, сәуір айының 6 жұлдызы күні ауданның орталығы Шолаққорған ауылынан бастап ауданның ауыл, поселкелерінде «Тағзым ету» тазалық күнін өткізгелі отырмыз. Бұл жолғы сенбілікті «Тағзым ету» тазалық күні деп тазалық шарасын қорымдардан бастағалы отырмыз. Біріміздің ата-бабамыз, біріміздің бауырымыз, ағайынымыз жатқан, адам баласының соңғы тұрағы саналатын зират- қорымдар маңайын ретке келтіру тірілер үшін зор парыз. Халқымызда «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген игі сөз бар.Сондықтан қорымдар амаңайын түрлі қоқыс қалдықтарынан тазалауға , бұзылған немесе түрлі себептермен құлаған қоршауларын жөндеуге, қалың шөп-бұтақ басқан аумақтарын тазалауға бағытталған сенбілікке ауданның үлкен-кіші азаматтарын белсенді түрде қатысуға шақырамыз.

Мақсат Жеңісұлы