Индустриалды аймақ жемісін бере бастады

ImageАуданда жаңадан іске қосылатын немесе қуаттылығын арттыратын кәсіпорындарды бір жерге шоғырландыру арқылы олардың инфрақұрылым (темір жол, автожол, су, жарықтандыру) мәселелерін мемлекеттік деңгейде шешу мақсатында ауданда индустриалды аймақ құру мәселесі қолға алынған. Атап айтқанда, Шолаққорған ауылының солтүстік шығыс бағытындағы 4 шақырым жерден 50 га жер белгіленіп, аудан әкімдігінің 1 тамыз 2012 жылғы №245 «Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің индустриялық-инновациялық жобалары үшін жер учаскелерін резервте қалдыру туралы» қаулысы шықты. Аймаққа инфрақұрылым жүргізуге құжаттар әзірлеу мақсатында жергілікті бюджет есебінен техникалық экономикалық негіздеме және басқа да қажетті құжаттарды рәсімдеу үшін 28.08.2012 жылғы аудандық мәслихаттың №55 шешімімен 5 млн. 250 мың теңгенің қаржысы бөлінген. Индустриалды аймақтың техникалық экономикалық негіздемесі жасалынып, соның аясында индустриалды аймақтың жұмыстарын одан әрі жандандыру мақсатында іс-шара жоспары түзілуде. 
Аудандағы индустриалды аймаққа өз өндірістерін ашуға ұсыныс білдірген 4 кәсіпорынның жобалары Өңірлік Үйлестіру Кеңесінде барлығы мақұлданып, аймақтан жер алуға рұқсат алды. Атап айтқанда:
Image 2012 жылдың 27 шілдесіндегі Өңірлік Үйлестіру Кеңесінің №7 хаттамалық шешіміне сәйкес «UKO-S Star» металл құрастыру зауыты ЖШС» жобасына 3 га жер белгіленіп берілген болатын. Қазіргі уақытта кәсіпорын тарапынан алынған жерді құжаттандыру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде (жер актісін алу мақсатында облыс әкімдігінің отырысына ұсынылған). 2012-2018 жылдар аралығында бес кезеңге жоспарланған жобаның жалпы құны 315 млн. теңгені құрайды. Қазіргі уақытта зауыт кешеннің бірінші нысанының құрылысы толық аяқталып сынақ негізінде уақытша іске қосылды.
-Бүгінде шағын зауытта 10 адам тұрақты жұмыс жасайды. Күніне 100 дана бөшке шығарып жатыр. Тапсырыстың түсуіне қарай 300 дана бөшкеге дейін шығаратын боламыз. Ол кезде тағы да қосымша 10 адамды жұм ысқа тартамыз,-дейді бізді зауыт жұмысымен таныстырған «UKO-S Star» металл құрастыру зауыты ЖШС-нің өндірістік директоры Қанат Әшірбаев.
Зауытқа шикізат көзі Шымкент қаласы арқылы әкелінуде. Ашылғанына аптаға толмаса да жұмыс қарқыны жаман емес. Өзіңнің отандық тауарың болғаны көңілге қуаныш ұялатады. Зауыт іші тап-таза, өз істерін жетік білетін мамандар мен зауыт жұмысшылары қарбалас жұмыс үстінде. Міне индустриалды инновациялық жобалардың алғашқы қарлығаштары ауданымызда да пайда бола бастады. Алдағы уақыттарда бұл аймақта тағы да қосымша шағын зауыттар іске қосылатын болады.

Солардың бірі 2012 жылдың 14 тамызындағы Өңірлік Үйлестіру Кеңесінің №8 хаттамалық шешіміне сәйкес «Дархан-Ас» ӨК-нің «Иодталған ас тұзын шығаратын зауыты» жобасы индустриалдық аймақтан 1 га жер алуға оң қорытынды алды. Жобаның жалпы құны 150 млн. теңге, 2013 жылы аталған кәсіпорын өндірісті жаңғырту, жектілдіру арқылы өнім қуаттылығын күшейту жоспарлануда;
Осымен қатар 2012 жылдың 31 тамызындағы Өңірлік Үйлестіру Кеңесінің №9 хаттамалық шешіміне сәйкес «Шымкентдорстрой» ӨК-нің «Қиыршақ тас өңдеу және асфальт шығару зауыты» жобасы аудандағы индустриалды аймақтан 3 га жерге зауыт салуға рұқсат алды. Аталған жобаның жалпы құны 62 млн. теңгені құрайды, зауытты 2013 жылы іске қосу жоспарланған;
Соңғысы 2012 жылдың қазан айындағы Өңірлік Үйлестіру Кеңесінің №10 хаттамалық шешіміне сәйкес жеке кәсіпкер Қожанов Қожахметтің «Құрылысқа арналған шлакоблок және плиткалар дайындау» жобасы индустриалдық аймақтан 1 га жер алды. Қазіргі уақытта кәсіпорын тарапынан құрылыс салуға байланысты дайындық жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта ауданның индустриалды аймағына басқа да жобаларды енгізу бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады.
Image Жоғарыда аталған кәсіпорындарың жобалары Қазақстан Республикасының Индустрияландыру картасына енгізу үшін облыстық Өңірлік Үйлестіру кеңесіне ұсынылып, жалпы көлемі 465 млн теңге болатын 2 жоба Қазақстан Республикасының Индустрияландыру картасына еніп отыр. Олар, «UKO-S Star» металл құрастыру зауыты» ЖШС-ның «Уран өндіруші кәсіпорындарға арнап металл бөшкелер шығару зауыты» жобасы және «Дархан-Ас» ӨК-нің «Иодталған ас тұзын шығаратын зауыты» жобасы.
Еліміздегі іске асырылып отырған кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау саясатының тиімділігі қазіргі уақытта іс жүзінде дәлелденуде. Соның бір айғағы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы (негізгі үш бағыттағы банк кредиттерін субсидиялау, банк несиелерін кепілдендіру, инфрақұрылымды жеткізу, экспортқа бағытталған жобалар бойынша банк кредиттерін субсидиялау) болып табылады.
Қазіргі уақытта аудандағы кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы екінші деңгейлі банктерден несие алуға жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, «Шымкентдорстрой» ӨК-нің төрайымы Ж.Моминбекова аталған бағдарламаның бірінші бағыты бойынша несие алу мақсатында «Центр Кредит» банкіне қажетті құжаттарын өткізіп, қазіргі уақытта аталған банктің қорытындысын күтуде. Жоба бойынша алатын несие көлемі 62 млн теңгені құрайды. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша қазіргі уақытта «UKO-S Star» металл құрастыру зауыты» ЖШС-ның «Уран өндіруші кәсіпорындарға арнап металл бөшкелер шығару зауыты» жобасын дамыту үшін жоғарыдағы аталмыш банкіне 27 млн теңгеге несиелік тапсырыс беріп «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасына еніп отыр.
Мақсат Қарғабай
Созақ ауданы әкімінің баспасөз хатшысы