Аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың аудан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтауы

ҚҰРМЕТТІ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫ!   ҚАДІРЛІ ЖЕРЛЕСТЕР!
       Сіздерді   Егеменді еліміздің ұлық мейрамы- Тәуелсіздік күні-мерекесімен ыстық ықылас,   ізгілік ниетпен құттықтаймыз!
1991 жылы 16 желтоқсанда тұңғыш рет ел дербестігінің негізі қаланып,  Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялады. Бұл күн мемлекетіміздің жылнамасындағы жаңа белестерге бет алған айрықша күн болды, осы күні тәуелсіз ел атанудың алғышарттары айқындалды.
Тарихи тұрғыдан зерделесек, қас-қағым сәт саналатын санаулы жылдардың ішінде еліміз сындарлы тұстардан сүрінбей өтіп, ауқымды реформаларды жүзеге асырды. Бүгінде Қазақстанның әлем қауымдастығы алдындағы абыройы биік, мәртебесі жоғары. Осы жылдар ішінде мемлекеттілігіміз орнығып, зор жетістіктерге бастау болатын инновациялық үрдістерді жеделдетудің  негізі қаланды.
Қазақстанды әлем жұртшылығы этносаралық және конфессияаралық ынтымақтастықтың бірден бір үлгісін жасаушы мемлекет ретінде таниды. Күні кеше Парижде Халықаралық көрмелер бюросы бас Ассамблеясының 152-сессиясындағы дауыс берушілердің басым көпшілігі бізге бәсекелес болған Бельгияны емес, Астанана таңдады. Халықаралық көрмелер бюросына мүше 150-ден астам ел өкілдерінің 103-і Қазақстанның кандидатурасын қолдады. Елорда Астанамыз «ЕХРО-2017»-нің орталығы болады. Тұңғыш Президент күні белгіленіп, елімізде алғаш рет мерекеленді.
Өтпелі кезеңдерде байқалған әлемдік қаржы дағдарысына байланысты Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал салиқалы саясатының бірі тұрақтандыру бағдарламасы аясында дағдарыс пен оны тудыратын кедергілерден жол таба білдік. Алайда әлі алда алынбаған асулар жетерлік. Бізде барлық заңнамалық тұжырымдар мен өзгерістер жасаудың мүмкіндіктері бар.
Біз ең алдымен ұлттық келісімге арқа сүйей отырып, тұрақты экономикалық өсуге, халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға қол жеткізудеміз.
Тәуелсіздігіміздің берген жемісіндей аудан халқының игілігі мен салауаттылығына жаңа денсаулық мекемелері, заман талабына лайықты мектептер мен балабақшалар салынып пайдалануға берілуде.

Құрметті аудан жұртшылығы!

Ынтымағымыз бен татулығымыздың, бірлігіміз бен берекелі тірлігіміздің арқасында келген Тәуелсіздігіміз ел-жұртымызға құт-береке, тыныштық, толайым табыстар мен қуаныш әкелсін!
Әрбіріңіздің отбасыларыңызға амандық, мерекелік көңіл-күй тілейміз!

Аймұрзаев Аманғали Түктібайұлы
Исаев Мақсат Шамансұрұлы