Қазақстан Республикасының полициясына 20 жылдығына cалтанатты жиналыс болды

ImageБиыл 20 жылдық белесті еңсеріп отырған ішкі істер саласының жылнамасында 1992 жылдың 23 маусымы алтын әріптермен айшықталған. Бұл күнді  Президентіміз Н.Ә.Назарбаев  ішкі істер саласының құрылған күні ретінде белгілеп, жарлыққа қол қойған болатын. Соған сәйкесі тәртіп сақшыларының төл мерекесі ретінде атап өтіледі. Айтулы күннің биылғы аталып өтілуі Елбасымыздың құқық қорғау органдарын кезектен тыс аттестациядан өткізу жөніндегі заң күші бар Жарлығының орындалумен тұспа-тұс келіп отыр.  Милицияның міндетін полиция атауына жүктеген бұл құрылымның ел дамуына септесер арқалаған жүгі де салмақты. Мемлекеттің өсіп-өркендеуіне сызат түсірер қылмыс атаулымен аянбай күресіп жүрген ішкі істер саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі биыл әдеттегіден ерте басталды.
Осыған орай 13 маусым күні аудан әкімшілігінің үлкен мәжіліс залында Қазақстан полициясына 20 жыл толуына орай мерекелік салтанатты жиналыс болды. «Мыңжылқы» мәдениет үйінің өнерпаздарының сазды әуенімен өрілген жиының беташар сөзін аудан әкімі А.Т.Аймұрзаев алды. Аудан басшысы 20 жылдық асуды бағындырып отырған сала қызметкерлерін құттықтап, ел тыныштығын сақтаудағы ерен еңбектеріне табыс тіледі. Аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері-Бақтияр Құрбановты, Жомарт Әшірбековті, Елеусіз Сматовты, Қанат Тұрысбековті, Жомарт Атабаевты аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.Image
Бұдан соң сөз тізгінін алған аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Сәрсен Ақбердіұлы Қасымбеков 20 жылда еселенген табыстарды атап, алдағы межеленген міндеттерді жүзеге асыруға қажыр қайраттылықпен ортақтасатындықтарын атап өтті. Өз кезегінде бөлім бастығы бірқатар қызметкерлерге сый-сияпат жасап, Алғыс хатпен әспеттеді. Сондай-ақ қызмет сапында қазаға ұшыраған полиция қызметкерлерінің ерлік істерін еске алып, соңында қалған отбасы мүшелеріне мерекелік сый-сияпат көрсетті.
Салтанатты сәтте облыстан арнайы келген Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаменті тылмен қамтамасыз ету басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мұхтар Аманқұлұлы Қожабаев сөз алып, ішкі істер қызметкерлерін мерейлі мерекелерімен құттықтап, аудандық ішкі істер бөлімінің жұмысын жандандыру бағытында бөлінген бес қызметтік көліктің кілтін табыс етті. Сонымен бірге жақын арада 50 компьютермен қамтамасыз етілетінін жеткізді. Кәсіби қызметтерін мінсіз атқарып жүрген бірқатар қызметкерлердің омырауына айтулы датаға орай арнайы шығарылған төсбелгілерді тақты.
Мұнан соң аудандық мәслихаттың хатшысы Мақсат Шамансұрұлы Исаев тәртіп сақшыларына жүрекжарды лебізін жеткізіп, қызмет бабында биіктен көрінген мереке иелеріне марапат жасады.
Жиналыс барысында «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы төрағасының орынбасары Жаңабай Тәжбен, аудан прокуроры Нұрғали Асқанбеков, аудандық соттың төрағасы Нұрғали Құламқадырұлы, полиция ардагерлер кеңесінің төрағасы Беркінбай Дуанаев, ауданның Құрметті азаматы Анарбай Шәдібеков, «Созақ үні» газетінің қызметкері, қарт журналист Қасымжан Өмірұлы құттықтау сөз сөйлеп, игі тілектерін жеткізді.
Бұдан кейінгі мерекелік шара Жібек жолы көшесінің бойында орналасқан Шолаққорған кенті №1учаскелік полиция пунктінің ашылу рәсіміне жалғасты. Жаңадан пайдалануға берілген ғимаратқа ішкі істер саласының ардагері, марқұм Қасымбек Қамшыбековтің есімі берілді.
Түс кезінде «Дәулет» дәмханасында жиналысқа қатысушыларға мерекелік дастархан мәзірі жасалып, сонан соң өмірден өткен сала қызметкерлерінің рухтарына құран оқылды.
***
Түстен кейін «Достар» стадионында полиция қызметкерлерінен құралған аяқ доп командаларының бәсекесінің ашылу рәсімі өтіп, ойыншылар өзара жарысқа түсті.
Дәулет Тұрсынұлы