Image«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясында Созақ ауданында 83 жаңа жұмыс орны ашылып, 45 адам жұмыспен қамтылған. Бұл жұмысты бақылау бойынша, аудан әкімінің өкімімен "Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасын іске асыруды үйлестіру және мониторингтеу жөніндегі" аудандық комиссия құрылған болатын. Комиссия құрамында аудан әкімінің орынбасары Ақаділ Сатыбалды, аудандық мәслихаттың депутаты Ғабит Елбергенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабыл Еспенбетов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Ролан Әлжанов, аудандық «Жұмыспен қамту» орталығының бөлім басшысы Елдос Дәулетбаев жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстарды, жергілікті азаматтардың қоғамдық жұмыспен қамтылуын бақылау бойынша құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысандарды аралады.

            Мониторингтік топ Сызған ауылындағы Қозмолдақ-Басбұлақ елді мекендері аралығындағы жарықтандыру, аудандық балалар мен жасөспірімдер мектебінің ағымдағы жөндеу, Сызған ауылдық округіндегі футбол алаңшасында жүргізіліп жатқан жұмыстарында болып, сапасын тексерді.

            Қазіргі таңда «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 15 жоба жүзеге асуда. Көшелерді жарықтандыру, абаттандыру, спорт нысандарын жөндеу, ауыз сумен қамтамасыз ету, ауылішілік жолдарды ағымдағы жөндеу бойынша жұмыс атқарылып жатыр.

            «Жұмыспен қамту» орталығының бөлім басшысы Елдос Даулетбаев «Бүгінде жол картасы аясындағы жалақы мөлшері 85 мың теңге және оданда жоғары. Жоба аясында ауданның 45 азаматы жұмысқа тартылды», - дейді.

 

            Аудан әкімінің баспасөз қызметі