Зейнетақы заңнамасына сәйкес зейнет жасына толған әйел (2019 жылы - 59 жас) жасына байланысты зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының жергілікті Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуі керек. Сәйкесінше егер Сіз биыл үлгере алмасаңыз, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1 тармағына сәйкес зейнетақы төлемдерін алдағы жылы тек 59,5 жасқа толғанда ғана рәсімдей аласыз.  

Сондықтан егер зейнет жасына биылғы жылдың 31 желтоқсанында толатын болсаңыз, онда оған 10 күн қалғанда, яғни 21-31 желтоқсан аралығында Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, өтініш беруіңізге болады. Өйтпеген жағдайда, зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін тағы 6 ай күтуіңізге тура келеді. Себебі, жоғарыда айтып өткеніміздей, әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы жыл сайын 6 айға ұзартылып отырады. 

Еске саламыз, 2018 жылдың қазан айынан бастап «Бір терезе» қағидаты бойынша Композиттік қызмет іске қосылды. Соған сәйкес зейнет жасына толған азаматтар мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық және ортақ зейнетақыны, сонымен қатар БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін бірыңғай өтінішпен «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінеді. Бұл ретте алушы жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін және салыстыру үшін түпнұсқасын, сондай-ақ банк шоты туралы мәлімет ұсынады. Әрі қарай жиынтық зейнетақы төлемдері бекітілген кесте бойынша ай сайын алушының өтінішінде көрсетілген банк шотына бір мезгілде аударылып отырады.