Егер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ, Қор) міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен жинақтарыңыз болса, Қазақстан Республикасынан тысқары жерге қоныс аударуыңызға байланысты оларды толық мөлшерде алуыңызға құқыңыз бар. Бұл ретте Қорға құжаттарды тапсырудың мынадай тәсілдері ұсынылады: 

- Қор бөлімшесіне тікелей келіп өтініш жасау;

- пошта байланысы;

- үшінші тұлға (сенім білдірілген тұлға) арқылы. Бұл ретте құжаттар сенім білдірілген тұлға Қор кеңсесіне келген жағдайда ғана қабылданады.

Есіңізде болсын, Сіз Қорға өтініш жасамай тұрып, шетелге тұрақты тұруға кетуіңізді ресми түрде рәсімдеп алуыңыз керек. Бұл зейнетақы заңнамасының талабы.

Егер шетелге біржола қоныс аударатындар жинақтарын алу үшін Қор бөлімшесіне өздері келіп өтініш жасаса:

1) БЖЗҚ ішкі құжатымен бекітілген нысан бойынша толтырылған өтінішті;

2) егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдік паспорттың көшірмесін және салыстырып тексеру үшін түпнұсқасын (Ресей Федерациясы азаматының ішкі паспорты жарамайды);

3) алушының банк шоты туралы мәліметтерді ұсынады.

Өтініш сенім білдірілген тұлға арқылы ұсынылса, жоғарыда аталған құжаттарға қоса үшінші тұлға мына құжаттарды тапсырады:

1) нотариат куәландырған сенімхаттың түпнұсқасы немесе оның нотариат куәландырған көшірмесі;

2) үшінші тұлғаның жеке басын куәландырушы құжаттың көшірмесі және салыстыру үшін түпнұсқасы. Бұл ретте алушының жеке басын куәландырушы құжат нотариат арқылы куәландырылады.

Алушының өтініші пошта байланысы арқылы жолданған жағдайда, алушының жеке басын куәландырушы құжаттың көшірмесі мен өтініштегі қолы нотариат арқылы куәландырылады.

Зейнетақы қоры зейнетақы төлемдерін алушының өтінішінде көрсетілген банк шотына аударады. Егер алушының шоты Қазақстан аумағында жұмыс істейтін екінші деңгейдегі банкте/жекелеген банк операцияларын орындайтын ұйымда ашылса, зейнетақы төлемдері ұлттық валюта – теңгемен аударылады. Ал егер алушының шоты Қазақстан аумағынан тыс жердегі шетелдік банктерде ашылған болса, АҚШ долларымен, евро, фунт стерлинг немесе ресейлік рубльмен аударылады.

БЖЗҚ-ның www.enpf.kz веб-сайтында БЖЗҚ-ға ұсыну тәсіліне қарай құжаттар тізбесі (өзі келіп өтініш жасау, пошта байланысы/үшінші тұлға арқылы), оларды рәсімдеуге қатысты талаптар, өтініш бланкалары мен оларды төлем валютасының түріне қарай толтыру үлгілері, уәкілетті мемлекеттік органдардың түсіндірмелері орналастырылған және олар үнемі жаңартылып отырады.

Егер шетелдік паспортты алу барысында алушының жеке деректемелері, нақты: тегі, есімі, әкесінің аты (әкесі бар болса) немесе туған күні өзгеретін болса, Қорға жоғарыда аталған құжаттарға қоса төменде көрсетілген құжаттардың түспнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі ұсынылуы тиіс:

1) Қазақстан Республикасының уәкілетті органының анықтамасы;

2) шетелдік мемлекеттің уәкілетті органының анықтамасы;

3) тегі/есімі/әкесінің аты өзгергені туралы куәлік/анықтама;

4) некені қию/бұзу туралы куәлік.

Бұл құжаттар шетелдік құжаттарды рәсімдеу талаптарына сай жасалуы және жоғарыда аталған төрт деректеменің өзгергендігін растауы тиіс.

Еске саламыз, Минск және Кишинев конвенциясына сәйкес ТМД елдерінен келген құжаттар заңдастырусыз және апостиль мөрін қоюсыз қабылданады.