Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға сый-сияпаттар табысталды

            ImageАудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «10 – қазан мүгедектер күні» мерекесіне орай аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мекемесінде аталған мерекеге орай демеушілік жасаған азаматтардың сыйлықтарын мүмкіндігі шектеулі азаматтарға табыстау шарасы өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Сатыбалды Ақәділ Болатұлы қатысып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мерекелерімен құттықтап, сый-сияпаттарды табыстады.

            Демеушілердің жасаған сыйлықтарын атап өтер болсақ, аудандық ішкі істер бөлімінің ұйымдастыруымен «Күндізгі қатынау және әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу бөлімшесінің» қарамағындағы 44 мүмкіндігі шектеулі балаларға аяққа массаж жасауға арналған 4 дана аппарат, аудан орталығындағы «КМФ» шағын несие беру ұйымы балалардың тілін, ойын дамытатын ойыншықтар, 1 мүгедек балаға 1 дана қоларба алып берді. Сонымен қатар, ЖШС «Hi-Teck Qazaqstan» бас директоры Аханов Төлеген Еркенұлының демеушілігімен 1 мүгедек балаға 1 дана қоларба және ІІІ-топ мүгедегіне тігін машинасын алып, өзінің жеке кәсібін ашуға қолдау көрсетті. Сондай-ақ, «1 қазан – қарттар күні» мерекесіне орай аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі қарттар үйіндегі қарияларға демеушілік танытып, сый-сияпат жасады.

            -Бүгінгі шарада демеушілік танытып, балама қоларба сыйлаған жандарға шексіз алғысымды білдіремін. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамнан оқшауламай, жанашырлық танытып, әрдайым қолдау білдіріп отыратын азаматтарымыз қатары көбейе берсін, дендері сау болсын деген тілегімді айтамын, - деді, шараға қатысқан Масалы Үсен есімді мүмкіндігі шектеулі баланың анасы Толқын Сұрынбаева.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі