«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 59-бабына сәйкес 55 жасқа толған ерлер, биыл 51 жасқа толған әйелдер (әйелдердің жасы 55-ке толғанша жыл сайын алты айға ұзарып отырады) және өздері үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде күнтізбелік 60 ай (5 жыл) төленген 50 жасқа толған адамдар (ерлер мен әйелдер) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарын өздері таңдаған сақтандыру ұйымына аудару арқылы мерзімінен бұрын алуға құқылы. Бірақ бұл үшін Қордағы жинақ ақша ай сайын кемінде ең төмен зейнетақы мөлшерiнде (2019 жылы ол – 36 108 теңге) зейнетақы төлеп тұруға жеткілікті болуы тиіс. Бұл ретте міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының 2014 жылы енгізілгенін ескерсек, зиянды өндірістерде жұмыс істейтін әрі 50 жасқа толған азаматтар биылдан, яғни 2019 жылдан бастап зейнетақы аннуитеті шартын жасасу арқылы зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу құқығына ие болды. Зейнетақы қорынан зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына зейнетақы аннуитеті шарты бойынша аудару Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 2014 жылғы 26 ақпандағы №32 қаулысымен бекітілген. 

Зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-дан сақтандыру ұйымына аудару Қор кеңсесіне келу немесе сенім білдірілген тұлға (құжаттарды сенім білдірілген тұлға Қорға өзі әкеліп тапсыруы тиіс) арқылы ұсына алады. Бұл ретте өтініш білдіру тәсіліне қарай құжаттар тізімі Қор сайтында мына сілтеме бойынша орналасқан:https://www.enpf.kz/kz/services/depositors/transfer.php

Зейнетақы қоры құжаттарды алған күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде алушының зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аударуға мiндеттi.

Зейнетақы жинақтары сақтандыру ұйымына аударылған соң, 12 (он екі) айдан кейін, сол жинақтар кері қайтарылмаса және зейнетақы жарналары түспеген жағдайда салымшының жеке зейнетақы шоты жабылады.