«ЫРЫС АЛДЫ - ЫНТЫМАҚ» ФОРУМЫ ӨТКІЗІЛДІ

ImageСызған ауылдық клубында дәстүрлі «Ырыс алды – ынтымақ» форумы өткізілді. «Жастар жылы-2019: бірлік, табыс, береке» тақырыбында өткен форумды Мыңжасар Асқаров жүргізіп отырды.

            Әуелі Созақ аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ернар Сағындықтың баяндамасы тыңдалды. Ернар Құралбекұлы өз баяндамасында жастар жылының маңызын, алдағы тұрған міндеттерді, мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктерді түсіндірді. Жастар тәрбиесінде, оларға бағыт беруде аға буынның ролі зор екендігін айтып өтті.

            Одан кейін сөз алған Созақ аудандық кәсіпкерлік бөлімінің сектор меңгерушісі Махан Избалаев жастардың кәсіп ашуына ыңғайлы мемлекеттік бағдарламаларды, несиелер мен гранттар түрлерін түсіндірді. Тұрғындар мен жастар тарапынан қойылған сұрақтарға тұщымды жауаптар берді.

            Махамбет Шоңбаев, Болат Искаков, Төленбек Әйнекбаев қариялар елдің ынтымағы мен бірлігін бекем бекем ұстауды үгіттеді. Жастарға өмірден түйгендерін мысалға келтіре отырып тағылымды әңгіменің тиегін ағытты.

            Таукент кентінің аналар кеңесінің төрайымы Шолпан Шоңғарева мен Қарағұр ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Сиякүл Байжанова арттарынан ерген сіңлі, келіндерінен ақыл-кеңестерін аямады.

            Форум модераторы Мыңжасар Асқарұлы Құмкент ауылдық округінің әкімі Абай Көбенов пенен Сызған ауылдық округінің әкімі Серік Мамановқа трибунаға шығуға мүмкіндік берді. Абай Уәлиханұлы мен Серік Сахиұлы өз кезектерінде елдің бірлігін, ынтымағын сақтау қажеттігін, жастар жылында және одан кейін де ауылдық округ, кент әкімдері тарапынан жастарға жан-жақты қолдау көрсетілетін жеткізді.

            Форумды Мыңжасар Асқаров қорытындылап, айтылған ұсыныстар мен пікірлер тиісті мекемелерге жолданатынын айтты. Жиын қорытындысымен арнайы қарар қабылданды.

 

            Аудан әкімінің баспасөз қызметі.