Кеңпейіл даланың кемеңгер перзенті

ImageНаурыз айының жиырма сегізінші жұлдызында М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің Ғылыми-зерттеу басқармасының арқау болуымен Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым және публицист, ақын, журналист Сұлтанбек Қожановтың (1894-1938 ж.ж.) 125 жылдығына арналған "Ұлт рухын шыңдаған ұлы даланың асыл ұрпақтары" атты халықаралық ғылыми конференциясы ұйымдастырылды.
            Конференция ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың "Ұлы Даланың жеті қыры" атты мақаласын жүзеге асыру аясында өткізіліп отыр. Бұл жиын "Ұлы дала тұлғалары" ғылыми-танымдық іс-шараларын жандандыру, жүйелеу, өткен кезеңнің тарихи кезеңдерін және біздің еліміздің белгілі тұлғаларының, атап айтқанда С.Қожановтың қазақ халқының алдында атқарған елеулі еңбектері мен қайраткерлік қырын ашып көрсетуді мақсаттаған дүбірлі ғалымдар мен тарихшылардың биылғы жылдағы кең көлемдегі бас қосуы болатын.
Конференцияға 50-ден астам мақалалар түсті және конференция материалдары республикалық ғылыми журналдарда жарияланатын болады.
            Осы конференцияға алыс-жақын шет мемлекеттерден, респубикамыздың түкпір-түкпірінен ғалымдар мен тарих зерттеушілері келіп, тың зерттеулерін ортаға салды. Түркі дүниесі бас қосқан алқалы жиында Созақ ауданынан барған қонақтар ішінде аудан әкімінің идеология саласындағы орынбасары Бағдат Бегманұлы Айдарбеков алаш қайраткерін дүние әуелген киелі топырақ- Созақ ауданы халқының ыстық сәлемін жеткізсе, ақын қызымыз Гүлнар Өмірбек таңжарық тұлғаға деген сағыныш жырын оқыды. «Сұлтанбек Қожанов және ұлттық мүдде мәселелері» деген тақырыпта тарихшы, сұлтанбектанушы, ғалым Нариман Нұрпейіс ағамыз баяндама жасады. Сондай-ақ ауданымыздан Сұлтанбек Қожанов атындағы жалпы орта мектебінің директоры Мейрам Әлмахан, ақын Мыңжасар Асқаров аталмыш конференияға арнайы барып қатысып қайтты. Алаш ардақтысының 125 жылдық тойының осылай алғашқы шалқар шымылдығы ашылды.


Мақсат Қарғабай