Кәмелет жасқа толмағандардың құқық бұзушылықтар жасауын алдын алуға бағытталған жиын өтті

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында ауданының жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдармен кәмелет жасқа толмағандардың құқықбұзушылықтар жасауын алдын алу бағыты бойынша атқарылған профилактикалық жұмыстарына баға беру, аудан аумағында орын алған жалпы қылмыстың алдын алу жұмыстарының  нәтижесін қараған алқа мәжілісі өтті.

               Алқа мәжілісін аудан прокуроры А. Досаев жүргізіп отырды. Жиынға ішкі істер бөлімі, аудандық білім бөлімі, ауданы әкімдігі жанынан құрылған кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссия мүшелері, аудандық ветеринария бөлімі, жергілікті полиция бастығы және басқа аудан құзырлы мекеме басшылары қатысты.

Жиын барысында баяндама жасаған аудан прокуратурасының прокуроры Бейсембай Бексұлтан «өткен жылдың 12 айының өзінде кәмелетке толмағандармен 18 кәмелет жасына толмаған тұлғалармен 12 қылмыс жасалып, аудандық ІІБ-нің есебіне 19 жасөспірім арнайы бақылауға алынған. Бұл көрсеткіш аудандық білім беру ұйымдары мен аудандық полиция бөлімшесі және аудан әкімдігі жанынан құрылған кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияның кәмелетке толмағандарға қатысты жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шаралары төмен деңгейде екендігін көрсетеді»,- деді. Жиын барысында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айдаров Нұралы Тұрдыұлы, АПБ-і ЖПҚ-нің бастығы Қазанғапов Нұрғазы Нұрғалиұлы өз салалары бойынша есеп беріп, аудан прокуроры Айтболат Тайырханұлы бірқатар сұрақтарына жауап берді.

Алқа мәжілісін қорытындылаған аудан прокуроры Айтболат Тайырханұлы орын алған кемшіліктерді жою үшін тиісті бөлімдерге өз деңгейіндегі шараларды ұйымдастыруды ұсынып, өз тарапынан бақылауда болатынын атап өтті.

 Аудан әкімінің баспасөз қызметі.