Шымкент қаласында «Туған жер-алтын бесігім» облыстық фестивалі аясында Созақ ауданының күндері өтті

ImageШымкентте «Туған жер-алтын бесігім» облыстық фестивалі аясында Созақ ауданының күндері өтті. Таңнан басталған фестиваль кешке дейін ұласып, Теріскейдің мəдениет және руханият саласын қала халқымен қонақтарына көрсетіп, насихаттап, өңірдің өзіндік ерекшелігін таныстырды. Фестиваль аясында Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда аудан әкімі С. Полатов республикалық облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне баспасөз конференциясын өткізіп, тілшілер сұрағына жауап берді. Одан соң, «Созақ – жыр, Созақ – сөз, Созақ - өнер» концерттік бағдарламамен жалғасып, аудан өнерпаздары көрерменге әнмен күйден шашу шашты. Облыстық әзіл- ысқақ театрында Созақ халық театрының актерлері көрерменге Нұрғали Ораздың «Адасқан жұлдыз» қойылымын ұсынды. «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында, Теріскейдің тумасы, талантты ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Төреғали Тәшеновпен «Менің жаным – аққудың қауырсыны» атты әдеби музыкалық кездеу өтті. Ауданның абыз ақсақалы Д. Тұрантегі жерлес ақынға шапан жауып, құрмет көрсетті. «Rahima plaza» сауда үйінің жанында «Теріскейден тарту» атты ауданда шаруаларының өндірген ет, сүт, көкөніс, жеміс-жидек, аудан кәсіпкерлерінің қолөнер өнімдерінен жәрмеңке ұйымдастырылды. «Туған жер-алтын бесігім» облыстық фестивалі «Шәмші әлемі» гүлзарында жалғасып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, аудандық қолөнер, қылқалам шеберлерінің суреттері қойылып,  кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, ұлттық спорттық ойындардан жарыстар өтіп, көпшілік белсене қатыстып, жеңімпаздарға жүлде берілді. «Теріскей – таланттар мекені» аудан көркем өнерпаздарының қорытынды гала- концертінде ауданның 300-ге тарта өнерпаздарымен қатар елімізге танымал Марат Омаров, Асыл Жандаулетов, Әсет Абуов әншілер өз өнерлерін көрсетті.

  Айта кету керек, «Туған жер-алтын бесігім» облыстық фестивалі Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру, Оңтүстік Қазақстан облысының 85 жылдығына, «ЭКСПО — 2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне, «Түркістан 2017 жыл — Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылына орай  аудан, қалалардың мәдени-рухани және басқа салаларының жетістіктерін насихаттау мақсатында өткізіліп отыр.

  Созақ ауданының баспасөз қызметі